Алматы полициясы 80 мыңға жуық үйді тексерді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматы полицейлері «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 80 мыңға жуық үйді аралап, 6640 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы полициясы  80 мыңға жуық  үйді тексерді

Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмаларын орындау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінен 1 желтоқсанына дейін Алматы қаласының аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

«Іс-шараның басты мақсаты – әкімшілік учаскедегі пәтерлерді және үйлерді аралау, тұрғындармен байланыс орнату, ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде тұрған адамдарды, азаматтық қарудың иелерін тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ, базарлар мен басқа да сауда орындарын тексеру», – деді Алматы қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Учаскелік полиция инспекторлары 77 114 тұрғын үйді аралады.

«Іс-шара барысында салық органдарында тіркеусіз жалға берілген 1 358 пәтер анықталды. Ақпарат шара қабылдау үшін аудандардың салық басқармаларына жіберілді. Жеке басын анықтау мақсатында 73 шетелдік азамат қабылдау бөліміне, ал 18 кәмелетке толмаған бейімдеу орталығына орналастырылды. Есепте тұрған 1 871 адам, сондай-ақ 6 390 атыс қаруының иелері тексерілді, нәтижесінде қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 128 қару тәркіленді. 6 640 адам түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп қорытындылады полиция полковнигі Саттаров.