Алматы полициясы алаяқтық әрекеттер жасаған күдіктіні әшкереледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы ірі көлемде алаяқтық әрекеттер жасаған деген күдікпен 40 жастағы Андрей Ким есімді азаматты тұтқындады.
Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Біздің шұғыл деректеріміз бойынша, футболдан Еуропа чемпионатында жеңілмейтін ұтыс тігуге болатындығын айтып, танысынан 30 мың доллар алған. Сөйтіп, оған ай сайын мың доллар көлемінде сыйақы беріп тұруға уәде береді.
Тағы бір жағдайда осы себеппен 10 мың доллар алған. Жәбірленушіден арыз келіп түскен соң, Ким ұсталып, ҚР ҚҚ 128-ші бабына сәйкес Алматы қалалық ІІД уақытша тергеу оқшаулағышына қамалды. Тергеу барысында бұлтартпау шарасы ретінде «тұтқындау» талабы тағайындалды. Күдікті ақша алғандығын жоққа шығармайды, бірақ ірі соманы қарызға алғандығын айтып, ақталып жатыр. Енді оның заңсыз әрекетке не себептен барғаны тергеу барысында анықталатын болады», - деді Әуезов аудандық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құмарбек Кеншінбаев.
Сонымен қатар, полициядағылар күдіктіге қатысты Әуезов пен Медеу ауданының ішкі істер органдарының бөлімшелеріне үш арыз келіп түскендігін мәлім етті. Қазір күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысының бары-жоғы тексеріліп жатыр.
Күдіктінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккендер бар болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуларына болады: 298-53-01; 298-53-05 и 298-53-02.