Алматы полициясы автобустың қатысуымен болған апатқа байланысты қылмыстық іс қозғады
Оқыс оқиға «Қазақфильм» шағын ауданында орын алған. Исиналиев көшесімен төмен бағытталған «Мерседес» маркалі №31 автобустың жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай «Хюндай» көлігімен соқтығысқан. Кейін жолда тұрған 44 жасар ер адамды қағып кеткен.
«Инерциямен төмен қарай құлдилаған автобус жол шетінде тұрған 8 көлік пен қарама-қарсы бағытта келе жатқан 3 көлікті соғып кеткен. Ең соңында автобус «МAN» маркалі жүк көлігіне соқтығысып бір-ақ тоқтаған. Апат салдарынан 9 адам жарақат алды. Қол-аяғы сынған қоғамдық көлік жүргізушісі де ауруханаға жеткізілді. Жаяу жүргінші жеңіл жарақат алған. Автобустың 7 жолаушысы, оның ішінде 3 бала ауруханаларға жеткізілді», - деді қалалық ІІД анықтау басқармасының басшысы Рустам Әбдірахманов.
Қазір аталған дерек сотқа дейінгі тексерудің ортақ реестрінде тіркелді. ҚР жаңа ҚК 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.