Алматы полициясы бірнеше пәтер тонаған ұрыны қолға түсірді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы талай рет пәтер тонаған ұрыны қолға түсіріп, баукеспеден ондаған заттай айғақтарды тәркіледі, - деп хабарлайды бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен.

Алматы полициясы бірнеше пәтер тонаған ұрыны қолға түсірді   (ФОТО)

36 жастағы Өзбекстан азаматы пәтерлерден тондар, күрткелер, аяқ киімдер, асханалық ыдыс-аяқтар, құрылысқа арналған құрал-саймандар, май радиаторын, төсек-орын жаймасын, қаракүзен қалпақ, тіпті бесікке дейін ұрлаған. Яғни, жеңіл табысқа құныққан өзбекстандық қаскүнем пәтерде қолына түскеннің барлығын жымқырып отырған.

«Күдіктіні біз мүліктік қылмыстың жолын кесуге бағытталған кешенді шара барысында анықтадық. Соңғы уақытта Алматының коттедждік қалашықтарында пәтер тонау оқиғалары көбейіп кетті.

Күдікті пәтерге күндіз, үй иелері жоқ кезде түсетін болған. Алғашқы күні жүргізілген процессуалдық әрекеттің арқасында күдіктінің тек біздің ауданның аумағында болған бес қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Ұрланған заттардың әртүрлілігіне қарап, ұрының басқа да аудандарда тонаушылықпен айналысу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Ал заттай айғақтар, оның «Қалқаман» ықшамауданындағы жалға алып тұрып жатқан пәтерінен табылды. Бұл жерде ол әйелі және екі баласымен тұрып келген», - деді Наурызбай аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Мұхит Шайхин.

Полиция қызметкерлері процесуалдық әрекеттерді жан-жақты жүргізу мақсатында күдіктіден тәркіленген заттарды көпшілік назарына ұсынды. Кейбіреулер өз заттарын тануы әбден мүмкін.
null null null null