Алматы полициясы бұрын сотталған азаматтарды тексеріп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы полициясы бұрын сотталған және есепте тұрған азаматтарды тексеру бойынша «Есепке алу» шарасын жүргізіп жатыр.

 Алматы полициясы бұрын сотталған азаматтарды тексеріп жатыр

Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл жедел-алдын алу шарасының мақсаты - бұрын сотталған адамдар тарапынан жасалуы мүмкін қылмыстар мен құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу.

«2 ақпаннан бастап бұл шара Әуезов және Жетісу аудандарын қамтыды. Инспекторлар есепке алынған азаматтар мен аудандық ІІБ есебінде тұрған, қылмыстық жене әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға бейім адамдарды тексеруді қолға алды. Бұл шараға жергілікті полиция қызметінің бүкіл құрамы және басқа да қызметтер жұмылдырылды. Әзірге есепте тұрған, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 2 мың 249 адамның бір мыңнан астамы тексерілді. Қалғандары бүгін тексеріледі», - деді Алматы қ. ІІД Жергілікті полиция қызметінің жетекшісі, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.

Тексеру нәтижесі бойынша бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, сондай-ақ есепке тұрудан жалтарып жүрген 20 адам есепке алынды. Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар арасында белгіленген шектеуді бұзу бойынша бір дерек және шартты түрде сотталғандар арасында 4 дерек анықталды.

«Жедел-алдын алу шарасы барысында 19 қылмыстың беті ашылды, 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әзірге бұл бір күндік көрсеткіштер. Енді басқа да аудандар қамтылады. Бұл шара қалада кримниногендік ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді», - деді подполковник Байкенов.