Алматы полициясы қалта қағар ұрыны қолға түсірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы қалта қағар кәнігі ұрыны қолға түсірді. Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Тәртіп сақшылары оңай олжаға құныққан Өзбекстан азаматын 78-ші бағдарлы автобустың ішінде қылмыс үстінде ұстады. Ол бір әйелдің қалтасынан ұялы телефонын ұрлап алған. Бірақ, жәбірленуші мұны байқамаған. Телефоны қолды болғанын әйелге тәртіп сақшылары хабарлады.
«Ұсталған еркектің Өзбекстан азаматы екендігі, бұған дейін талай рет сотталғандығы анықталды. Алматыда оның тұрақты мекен-жайы да, жұмыс орны да жоқ. Ол қылмыстық жолмен күн көретіндігін және тек қоғамдық орындарда бөгденің мүлкін жымқырумен айналысатындығын мойындады. Тәжірибелі ұры үшін қалтаға түсу - оңай олжа көзі. Сондықтан олар мұны кәсіп көзіне айналдырып алған. Қазір, ұсталған ұрының басқа да қылмыстарға қатысының бары-жоғы анықталып жатыр», - деді Түркісіб аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Данияр Меңдібаев.
Алматы полицейлері ұрланған ұялы телефондар мен басқа да мобильді құрылғыларды IMEI кодтары бойынша бұғаттау ісіне кіріскені белгілі. Бұл шараға ұялы байланыс операторлары қолдау көрсетуде.
Алматы қ. ІІД ұсталған күдіктінің қылмыстық әрекетінен зардап шеккендер бар болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуларын сұрайды.
298-54-00 және 298-54-01