Алматы полициясы жүргіншіге қарақшылық шабуыл жасаған ұрыларды ұстады (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жүргіншіге қарақшылық шабуыл жасап, мүлкін тартып алғандар ұсталды. Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Ақмола облысының екі тұрғыны Алматы қаласында қылмыс жасады. Ішімдікке сылқия тойып алған олар, көшелердің бірінде жүргіншіге шабуыл жасап, оны ұрып-соғып, мүлкін тартып алған.
«Ұрылар жәбірленушінің ұялы телефонын және аяғындағы бәтеңкесін тартып алған. Қаскүнемдер оқиға орнынан бой тасалап үлгергенімен, көп ұзамай қолға түсті. Қазір олар қамауға алынды. Ал айғақтық заттар тәркіленіп, қылмыстық істің материалдарына тіркелді. Сондай-ақ, бұл қылмыстық іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-ші бабының 2-ші тармағы (тонаушылық) сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған азаматтардың аты-жөндері анықталып, олардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандығы және жұмыссыз жүргендігі белгілі болды. Олар кездейсоқ табыстармен күн көрген», - деді осыған орай Алматы қ. Бостандық аудандық ІІБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дінмұхамед Әуезхан.
Қазіргі таңда, полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу өндірісі аясында күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бары-жоғын тексеріп жатыр.