Алматы прокуратурасы жалақыны дер кезінде төлемеген 12 заңды тұлғаға 1,5 млн. теңге айыппұл салды

Алматы қаласының Медеу аудандық прокуратурасы аудандық сотта азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығы жөнінде прокурорлық бақылау жұмысын қорытындылады.
Онда сот актілері бойынша азаматтардың еңбек құқықтарының (жұмысқа қайта орналасу және жалақыны өндіріп алу) бұзылғандығы анықталды.
Содан, Алматы қ. Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына тиісті ұсыныс енгізілді. Енгізілген ұсыныстар қаралған соң, еңбек ақысын төлеу талаптарын бұзғандығы үшін 12 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.
Одан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторы - бас маман Карабут О.С.-қа еңбек міндеттемін тиісті деңгейде орындамағаны үшін «ескерту» жасалды.
Сондай-ақ, Болатов М. есімді азаматтың Алматы қ. Әділет департаментінің үстінен түсірген арызы бойынша азаматтық істі қарастыру барысында тіркеуші мемлекеттік орган тарапынан жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнаманың бұзылғандығы анықталды.
Осы дерек бойынша, Алматы қ. Әділет департаментінің атына тиісті ұсыныс енгізілді. Сол ұсынысты қарап тексеру қорытындысы бойынша бас маман Әлімбаев А. Ж.-ға «сөгіс» жарияланды.
Прокуратура қызметінің басымды бағыттарының бірі кәсіпкерлердің құқығын қорғау екендігі белгілі.
Осыған байланысты, Күзембаева Р. және басқа да азаматтардың «Intisarmed» ЖШС үстінен түсірген талап-арызы бойынша Медеу аудандық сотының шешіміне келтірілген апелляциялық шағым бойынша, кәсіпкерлік субъектісінің мүддесі қорғалды.
Алматы қ. прокуратурасы ҚР Конституциясының 83-ші бабына сәйкес, Алматы қ. әкімдігінің Голоха М.В. және басқа да азаматтардың үстінен жылжымайтын мүлікті мәжбүрлі түрде мемлекет қажеттілігіне қайтару туралы түсірген талап-арызы бойынша Медеу ауданының 2014 жылы 19 желтоқсанда шығарған шешіміне келтірілген апелляциялық арыз негізінде мемлекет мүддесін қорғап қалды. Осылайша, 20 млн. астам теңгеге мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды.
Одан басқа, мемлекеттік сот орындаушылар тарапынан да заң бұзушылық әрекеттер анықталды. Ден қою актісін қарап тексеру қорытындысы бойынша Алматы қ. Әділет департаменті тарапынан 4 сот орындаушысы «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша, Медеу аудандық прокуратурасы жұмысының қорытындысы бойынша, 6 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалақыны дер кезінде төлемеген 12 заңды тұлғаға 1,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Күні бүгінге дейін бұл соманың 820 мың теңгесі ерікті түрде мемлекет қазынасына қайтарылды.