Almaty SuperSki тау шаңғысы курорты қашан ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдағы Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерінің құрылысы белсенді кезеңге өтті. Курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Бесшумные канатные дороги: для Almaty SuperSki рассматривают приводы с пониженным уровнем шума
Фото: Pixabay.com

Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Almaty SuperSki жобасының жүзеге асырылу барысын қарады.

Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев құрылыс алаңындағы жұмыстар белсенді кезеңге өткенін және бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады.

Қазіргі уақытта француздың POMA компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталды. Сонымен қатар жобаның жеке техникалық талаптарын ескере отырып, аспалы жолдарға арналған жабдықтар дайындалып жатыр.

Жобаға отандық кәсіпорындар да тартылуда. Атап айтқанда, Almaty SuperSki аясында 11 аспалы жол салатын POMA компаниясы әлеуетті жергілікті өндірушілерді бағалаудан өткізді.

Талдау қорытындысы бойынша аспалы жолдардың жекелеген құрылымдық элементтерін еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес өндіретін қазақстандық кәсіпорын іріктелді. Бұл отандық өнеркәсіпке жаңа технологияларды енгізіп, қажетті құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Директорлар кеңесі қызмет көрсету бойынша жарияланған ашық конкурстың нәтижелерін тыңдап, технологиялық және экономикалық көрсеткіштердің кең ауқымын саралады. Мәселен, Foster+Partners бюросы әзірлеген архитектуралық тұжырымдаманы жүзеге асыруға тарту үшін индустриядағы әлемдік көшбасшы саналатын келесідей компаниялар таңдалып алынды, – делінген Үкімет хабарламасында.

Атап айтқанда, швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясы жобаның Базалық және Жоғарғы стансалары ғимараттарының ағаш тірек конструкцияларын жобалау, дайындау, жеткізу және монтаждау жұмыстарын техникалық сүйемелдеумен айналысады.

Ал даниялық Bjarke Ingels Group компаниясы 24 халықаралық компания қатысқан байқау қорытындысы бойынша таудағы ауылдың тұжырымдамасын әзірлейді.

Бұл компанияның ұсынысындағы басты артықшылықтардың бірі – жобаға канадалық Ecosign компаниясын тарту. Аталған компания тау шаңғысы курорттарының мастер-жоспарларын әзірлеуге маманданған және әлемнің 46 елінде 1 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған.

Ecosign туристік инфрақұрылымды тау шаңғысы кешендерімен біріктіру, келушілердің ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету және ski-in/ski-out, яғни қонақүйден немесе демалыс орнынан шаңғы жолына тікелей шығу мүмкіндігін қарастыратын тұжырымдамаларды әзірлеу тәжірибесіне ие.

Сонымен қатар Bjarke Ingels Group британдық сәулетшілер компаниясымен тығыз жұмыс жүргізуде. Оның портфолиосында Финляндиядағы курорттық ауыл, Швейцария тауларындағы кешен және Даниядағы төбесінде шаңғы трассасы орналасқан ғимарат сияқты бірегей жобалар бар.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр Almaty SuperSki жобасының үздік әлемдік стандарттарға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын және елдегі туризмнің дамуына елеулі серпін беретінін атап өтті.

Ол құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдетіп, курорттың 2028 жылдың желтоқсанында іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Директорлар кеңесінің келесі отырысы екі аптадан кейін өтеді. Онда жауапты тұлғалардың тау шаңғысы курорты құрылысының барысы туралы есептері тыңдалады.

Айта кетейік, бұған дейін Көкжайлауда Almaty SuperSki курортының құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны хабарланған еді. Жоба аясында 60 шақырым шаңғы трассасы мен 11 заманауи аспалы жол салу жоспарланған.