«Almaty Tech Garden» Алматының Орталық Азия өңірінде көшбасшы стартап хабқа айналуына мүмкіндік береді - Ә.Исекешев

Бұған дейін Қазақстан бойынша келешегі бар 200 стартап жобаның арасынан 90 жоба іріктеліп алынған. Бүгін олардың авторлары қазақ-британ техникалық университетінің дөңгелек залында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және жергілікті жоғары оқу орындарының белсенді жастары алдында өз жобаларын таныстырып, қойылған сауалдарға жауап берді.
Жастардың алдына шығып, сөйлеген сөзінде ҚР Инвестиялар және даму министрі Әсет Исекешев түрлі сала бойынша тиімді стартап жобаларды жасағандары үшін оларға ризашылығын білдірді.
«Қазақстан Үкіметі осындай күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, шағын және орта бизнеске және жоғары технологиялық стартап жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Біз қазір елімізге құзыреттілік пен басымдықтар орталықтары және трансұлттық зертханалар арқылы жаңа технологияларды тартуымыз қажет. Мақсатымыз - жоғары технологиялық стартаптар мен дарынды зерттеушілерді тарта отырып, жаңа компаниялар құру. Осыған байланысты, биылғы жылдың басында «Almaty Tech Garden» автономиялық кластерлік қоры құрылған болатын. Бұл бастама Алматы қаласының ғылыми әлеуетін, яғни алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларды шоғырландырады. Сөйтіп болашақта Алматы қаласының Орталық Азия өңірінде көшбасшы стартап хабқа айналуына мүмкіндік береді», - деді Ә.Исекешев.
Бүгінгі шарада әзірлемелер «Ақылды индустрия және Жаңа материалдар», «Е-коммерция және Жаңа медия» мен «Ақылды орта» категориялары бойынша ұсынылды.
Алайда «Жаңа энергетика және энергия сақтау жүйесі», «Энергиятиімділік және энергия сақтау», «СО2 шығарылымын азайту» және «Таза технология» салалары бойынша әзірленген жобаларға басымдық берілді.
Ал автономиялық кластерлік қор өз қызметінің негізгі бағытын орындай отырып (жер қойнауын пайдаланушылардың жылдық жиынтық кірісінің 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырылымдық әзірленімдерге тарату) аталмыш жобаларға әзірге 3 млн. теңге көлемінде қаржы тартты. Инвестиция тартылған жобалар енді «Startup Kazakhstan» деп аталатын алты айлық акселерация, яғни жетілдіру бағдарламасына қатыстырылады. Одан кейін EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында «Сала» ұлттық павильонына орналастырылуға ұсынылады. Жобаларды сараптап, іріктеуден өткізген қазылар алқасының құрамында ҚР Энергетика минстрлігі мен ұлттық компаниялардың өкілдері және техника ғылымдарының докторлары болды. Айта кетелік, «Инновация апталығының» басты мақсаты - Қазақстанды инвестиция тартуға қолайлы әлеуеті бар жаңа өңірлік инновациялық хаб ретінде әлемге таныту.