09:31, 16 Шілде 2015 | GMT +5
Алматы тергеу оқшаулағышына гашиш қосылған шай мен лапша өткізбек болған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы тергеу оқшаулағышында есірткі затын өткізудің екі әрекетіне тосқауыл қойылды. Олардың гашиш екенін сот-сараптамалық зерттеу растады, деп хабарлады Алматы қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментінен.
ҚАЖ қызметкерлері қамауда отырғанға Алматы облысының тұрғынының әкелген заттары ішінен шамамен үш грамм гашиш пен ұялы телефонға арналған siм-картаны тапқан.
Екінші жағдайда сотталғанға жолданған азық-түлік арасынан жалпы салмағы 13 грамм гашиш пен ұялы телефонға арналған siм-карта табылды. Есірткі затының бір бөлігі тез пісірілетін лапшадан, екіншісі шай салынған пакеттен табылды. Ал siм-картаны нанның ішіне жасырған, деп хабарлады аймақтық ҚАЖ.
Аталған фактілер бойынша материалдар қылмыстық қудалау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды.