Алматы тұрғындары «Азия дауысы» фестиваліне автобуспен тегін барады

Алматы әкімдігі хабарлағандай, Құрманғазы көшесі мен Достық даңғылының қиылысында «Медеу» спорт кешеніне қарай жүретін 30 автобус күтіп тұрады. Тағы 25 автобус іс-шара қонақтарын Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесі арасындағы Байтұрсынов көшесі бойында күтеді. «Автобустар келушілердің толуына орай күндізгі сағат 15.00-ден түнгі 00.00-ге дейін жүреді. Кері бағытта автобустар фестиваль аяқталған соң жүретін болады. Сондай-ақ қала тұрғындарына ыңғайлы болу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Алматы метрополитені фестиваль күндері сағат 01:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл ретте №12 бағыттың көлігі штаттық режимде жұмысын жалғастыратын болады», - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Еске салсақ, бұған дейін фестивальдің бас продюсері Арманжан Байтасов «Медеу» мұз айдынында «Азия дауысы» фестивалі қайтадан өтетіні туралы айтқан болатын.