Алматы тұрғындарынан 827 млн. теңгеге қарулар сатып алынды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында биыл жыл басынан бері күні бүгінге дейін тұрғындардан 827 млн. 402 мың 71 теңгеге 15 871 зақымдағыш және газ-зақымдағыш қарулар сатып алынды.
Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстан бойынша тұрғындардан мемлекет тарапына зақымдағыш және газ-зақымдағыш қарулар сатып алу науқаны үстіміздегі жылы 1 қаңтарда басталған болатын. Бұл туралы тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен хабардар етілді. Алматыда күні бүгінге дейін полиция бөлімдеріне қаруын тапсыру үшін 14 740 адам жүгінген. Барлығы 827 млн. 402 мың 071 теңгеге 15 871 қару сатып алынды. Қазір есеп бойынша жеке қолда тапсырылмаған 389 қару қалып отыр.
«Тағы да еске саламыз, зақымдағыш қаруларды тапсырмаған адамдар, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-ші бабының 1-ші тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бапта айыппұл салу (екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін) немесе түзету жұмыстарын атқару, бір жылға дейін бостандығын шектеу немесе бір жылға бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Қаруларын тапсырған азаматтарға мынадай көлемде ақша төленеді: бірінші дәрежеге жататын қарулардың бағасының 90 пайызы, екіншісіне жататын қрулардың бағасының 70 пайызы және үшіншісіне жататын қарулардың бағасының 50 пайызы төленеді», - деді осыған орай Алматы қ. ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Айта кетелік, бұл науқан елімізде осы қаруларды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың көбейіп кетуіне байланысты қолға алынған болатын. Науқанның аяқталуына 18 күн қалды. Резеңке оқтармен ататын зақымдағыш қаруларын тапсырмағандар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Енді, алдағы жылдан бастап өзін-өзі қорғауға тек газ патронымен ататын газ тапаншалары мен электрошокерлерді ғана қолдануға болады. Бірақ бұл үшін, әрине ішкі істер органдарының рұқсаты керек.