14:26, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматы тұрғындарының 77 пайызы салық қызметкерлерінің жұмысын дұрыс бағалайды
АЛМАТЫ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алдағы уақытта Алматы қаласындағы салық қызметі жетілдіріледі.
Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен қалалық салық департаментінің жылдық қорытынды жиналысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі кезде Алматыда республика бойынша заңды тұлғалардың 4/1-і шоғырланған. Мәселен, Қаржы министрлігі жүргізген Республикалық мониторинг бойынша Қазақстанда өте ірі 300 кәсіпорын бар. Оның 135-і немесе 45 пайызы Алматыда шоғырланған. Алматы сондай-ақ Республика бойынша салық түсімдерінің 25 пайызын береді. Сондықтан алдағы уақытта Алматының салық саласына үлкен көңіл бөлініп, қызметі жетілдіріледі», - деді отырысқа қатысқан ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов. Оның айтуынша, биылғы жылы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Алматы тұрғындарының 77 пайызы салық қызметкерлерінің қызмет көрсетуін дұрыс бағалаған. 2007 жылы бұл көрсеткіш 60,5 пайыз болған. Ал кәсіпкерлердің 70 пайызы оң баға берген. 2007 жылы тұрғындардың 56,4 пайызы ғана дұрыс деп бағалаған еді. Тұрғындардың 41 пайызы салық қызметкерлерінің білім деңгейінің төмендігіне наразы, кабинет арасында сабылтып қоятындары үшін - 33 пайыз, телефон арқылы хабарласу мүмкіндігі аздығына орай - 29 пайыз, үлкен кезектің болуына 62,5 пайыз наразылық білдірген. «Осы бағытта да қалалық салық департаментінің қызметін дамыту көзделіп отыр», - деген Арғын Қыпшақов биылдан бастап департамент қызметкерлерінің саны 80 адамға көбейтілетіндігін жеткізді. «Ағымдағы жылы Республика бойынша салық саласында компьютерлік техника жаңартылады, ал Алматы департаменті 100 пайыз қамтылады. Биыл елімізде 4 аймақтық салық саласының ақпараттық орталығы салынады, соның біреуін Алматыда тұрғызу көзделген. Сондай-ақ Алматылық салық қызметкерлерінің басым бөлігі биыл білімін жетілдіру курстарынан өткізіледі», - дейді ол. Салық комитеті төрағасы орынбасарының айтуынша, департамент алдына 2009 жылы салық түсімдерінің белгіленген межесін орындау, қызмет көрсетуді жетілдіру, құқық бұзушылық пен жемқорлықпен күресу қойылып отыр. «Биыл жаңа Салық кодексі қабылданды. Сондықтан салық саласы органдары тұрғындарға жаңа салық кодексін насихаттау, түсіндіру жұмысын арттыруға да басымдылық берілуі тиіс», - дейді Арғын Қыпшақов.