Алматы және Жамбыл облыстары өзара ынтымақтастықты дамытуда

Бұл шаруа қожалығы қант қызылшасы, пияз, майбұршақ және бақшалық көкөністерді өсірумен айналысады. Биыл егілген тәтті түбірдің әр гектарынан орташа есеппен 600 центнерден, жалпы салмағы 3600 тонна қант қызылшасын жинауды көздеуде. Делегация мүшелері Көксу қант зауытының жұмысымен де танысты. Қазір бұл жерде құны 1 млрд. теңгеге Көксу қант зауытын модернизациялаудың екінші кезеңін жүргізіп жатыр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өткен жылы зауыттың 220 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, одан 22 мың тонна таза қант өндіргендігін және биылдан бастап облыста Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
«Елбасының Жетісу өлкесіне қант қызылшасының өсіруші өңір атағын қайта жаңғырту туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында облыста кешенді жұмыстар атқарылды. Қазіргі күні тұқым мен тыңайтқыштарды сатып алудан бастап, шыққан өнімді өңдеуге жіберуге дейінгі барлық мәселелер жан-жақты талданып, бір жүйеге келтірілді. Қазір біз келешекке жұмыс істеудеміз. Яғни Ақсу қант зауытын іске қосқалы жатырмыз. Келешекте Алакөл ауданында облысымыз бойынша үшінші қант зауытын іске қосу жоспарымызда бар. Бұның барлығы шаруаларға жайлы жағдай туындататындығы белгілі, оның үстіне жыл сайын тәтті түбір өндірушілердің саны артып келеді. Егер бас кезінде бұл кәсіппен 120 шаруа қожалығы айналысқан болса, қазіргі күні олардың саны 250-ге жетті», - деді А.Баталов.
Сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және өнеркәсіптік нысандар да делегацияның назарынан тыс қалмады. Атап айтар болсақ, қаладағы Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» паркі, Қаратал өзенінің жағалауы, қаладағы орталық бассейнімен танысты. Қаланың Оңтүстік-батысында орын тепкен «Талдықорған» индустралды аймағы да қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Болашақта бұл аймақ қаланың ірі өнеркәсіптік алаңы болмақ.
«Талдықорған заманауи әрі өте әдемі қала! Қалаға кіре берістен бастап әрбір ғимарат, әрбір нысан шынайы пейілмен, жан дүниесін сала отырып орындалған. Ұсақ тетіктеріне дейін егжей-тегжей қарастырылған. Бұл әсіресе қаланың көшелерінде орнатылған заманауи электр қуатын үнемдейтін жарықдиодты көше шамдарынан, қаланың көгалдандырылуынан ерекше байқалады. Қаланың көшелеріне сапалы жол төсемдері жайылғандығы бәрі көзге бірден түседі. Пайдалануға беріліп жатқан әрбір нысан тұрғындардың жайлы өмір сүруіне ыңғайластырылып, ұзақ жылдарға сапалы салынғандығы қуантады. Қала тұрғындарының атқарылып жатқан іске көңілдері толады деген сенімдемін. Қаратал өзенінің жағалауын абаттандыру және «Жастар» паркінің жобасы бізді қатты қызықтырды. Үлгі ретінде алмақ ойымыз бар. Осы типтегі жағалауды Тараз қаласындағы Талас өзенінің бойында да салмақ ойдамыз», - деді Жамбыл облысының әкімі.
Осыдан кейін облыстық әкімдіктің мәжіліс залында алдағы уақыттағы қос облыстың ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Алматы облысының әкімі өңірдің экономикалық даму көрсеткіштерін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың берген маңызды тапсырмаларының бірі өңіраралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Жамбыл облысы - өндірістік өңір, ал Алматы облысы - аграрлық өңір. Сол себепті әр облысқа бір-бірімізден аларымыз да, үйренеріміз де мол. Бұл әріптестігіміз алдағы уақытта екі облыстың барлық салалар бойынша дамуына өзінің үлкен септігін тигізетіндігіне сенімдімін», - деп атап өтті Амандық Ғаббасұлы.
Өз тарапынан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев та облыстың экономикалық даму әлеуетімен таныстырып, Жетісу жеріне жасаған жұмыс сапарының нәтижелі болғандығын, бұл кездесудің облыстардың дамуына, соның ішінде қант қызылшасы саласын дамытуда оң ықпалын тигізетіндігіне сенім білдірді. Кездесу соңында қос тарапқа да тиімді даму жоспарларын екіжақты ынтымақтастық меморандумымен бекітті. Облыстар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және өзге де салалар бойынша өзара ынтымақтастығын әрі қарай дамытатын болады.