Алматы жұртшылығы «Экспресс-К» газетінің бас директоры Алексей Панды ақтық сапарға шығарып салды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы жұртшылығы «Экспресс-К» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры Алексей Панды ақтық сапарға шығарып салды.
None
None

«Алексей Владимирович тек қана тамаша жетекші ғана емес, сонымен қатар бауырмал, мейірімді жан болатын. Оның жасаған жақсылықтары ұшан-теңіз», - деді газет қызметкерлері. Олар бас директордың арқасында редакцияда еркін шығармашылық ахуал орнағанын баса айтты.

«Мен Алексейді жақсы білетінмін. Ол кезінде «Караван» газетінде жұмыс істеді. Сол кезден бастап достасып кеттік. Енді, оның асыл бейнесі жадымызда мәңгілік сақталады. Біз болашақта Алексей Пан атындағы жүлде құратын боламыз », - деді ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

Бұған дейін мәлім болғанындай, Алексей Пан 21 наурызда Үндістанның Гоа шипажайында қайғылы қазаға ұшырады. Ол Гоаға жанұясымен демалуға барған болатын. Жұбайының айтуынша, жағаға келіп соғылған үлкен толқынның салдарынан бірнеше жергілікті бала суға кетеді. Алексей оларды құтқаруға ұмтылады. Барлығын құтқарады. Бірақ қатты зорыққандығы жүрегінің тоқтауына әкеп соғады.

Алексей Пан 57 жаста болатын. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетітк университетінің журналистика факультетін бітірген. Кезінде «Огни Алатау», «Караван» газеттерінде еңбек етті. 2008 жылдан «Экспресс-К» газетінің бас директоры қызметін атқарып келді. Қазақстанның құрметті журналисі болатын.

Соңғы жаңалықтар