Алматы жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Қаппаровты ақтық сапарға шығарып салды

«Ғылым ордасы» РМК кешенінде өткен қаралы жиынға Нұрлан Қаппаровпен бірге іскен әріптестері, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ҚР Парламентінің депутаттары, облыс әкімдері және қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.
Өз сөзінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Нұрлан Қаппаровтың небәрі 45 жыл өмір сүрсе де артына өшпес із қалдырғанын айта келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жедел хатын оқып берді.
«Нұрлан Қаппаров тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жастар арасынан дараланып шығып, кәсіпкер ретінде танылған еді. Содан әр жылдары «Қазақойл» ұлттық мұнай газ компаниясын, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігін басқарды. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы болды. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқара білді. Мол білімі мен тәжірибесін еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсады. Амал қанша, халқына бергенінен берері көп еді. Енді халқы оның есімі мен еңбегін ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын», - делінген жеделхатта.
Осы қаралы жиында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев та қайғырып көңіл айтты.
«Осы таяуда өзімнің ойланбай жасаған әрекетім үшін Нұрланның рухы алдында кешірім сұраймын. Нұрлан экология министрлігінен кетіп, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарып жүрсе де, «Экспо-2017» директорлар кеңесінің төрағасы болатын. Ол Елбасының қабылдауына дайындалып жүрді. Өйткені қазақ ұлттық павильонының құрылымына жауапты еді. Біз Премьер-Министрдің алдында арнайы роликті тамашаладық. Оны көріп болған соң мен бір ескертпемнің бар екендігін айттым. Нұрлан осыған байланысты жобасын қайта өңдеймін дегенше 10 күн уақыты кетті. Қазір сол айтқан ескертпем үшін қатты өкінемін. Егер айтпағанымда ол өз идеясымен және дайындаған ролигімен Елбасының қабылдауында болар еді. Мүмкін, жобасы мақұлданып, біз Нұрланның жасаған еңбегін көрер ме едік. Мен бұл роликтің Елбасының қарауында болатындығы жөнінде Нұрланның рухы алдында уәде етемін. Өйткені, ол өзінің осы жобасына бар ынтасымен кіріскен болатын», -деді Сағынтаев.
Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев өз сөзінде Нұрлан Қаппаровтың өз ісіне қашанда ұқыпты болғандығын жеткізді.
«Қай істі қолға алмасын, мінсіз жасайтын. Кезінде «Қазтрансойл» компаниясын табысты компанияға айналдырды. «Қазақойлда» жұмыс істеп жүріп, Қазақстан мұнайының экспортын бірнеше есеге арттырды. Соның арқасында ел қазынасына қомақты қаржы келіп түсе бастады. Ұлттық қорды құруда да Нұрланның үлесі өте зор. Ол осы қорға қатысты жұмыс тобының мүшесі болды. Соның арқасында қорға қаржы келіп түсе бастады. Оның атом өнеркәсібі саласын дамытуға қатысты да жоспарлары көп болатын. Компанияны осы саланың көшбасына шығарғысы келді. Нұрланның қазасы - біз үшін орны толмас ауыр қаза», - деді Қ. Бозымбаев.
Марқұм Кеңсай зиратына жерленді.