Алматы жылыту маусымына дайын ба
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жылыту маусымына дайындық кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылу желілерінің дайындығы – 97%-ды, электр желілерінің дайындығы – 83%-ды, газ желілерінің дайындығы – 100%-ды, сумен жабдықтау желілерінің дайындығы – 100%-ды, су бұру желілерінің дайындығы – 100%-ды, Алматыжылужайэнерго қазандықтарының дайындығы – 85%-ды, АлЭС энергия көздерінің дайындығы – 74%-ды құрайды»,- дейді спикер.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жылыту маусымына білім беру, денсаулық сақтау және көппәтерлі тұрғын үйлер толық дайын. «Алматыда «АЖЖЭ» кәсіпорнымен 110 тонна көмір және 7,9 мың тонна мазут дайындалды. «АлЭС» АҚ кәсіпорнымен 186,5 мың тонна көмір және 19,3 мың тонна мазут сақталған.
Қала тұрғындарын үздіксіз ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етуге тоқталатын болсақ, Бостандық және Наурызбай аудандарындағы 2 қазандықты реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, жұмыстар 2023 жылы аяқталады, бұл 300 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар қазандықтар мен жылу желілерін қайта жаңартудың бес жобасы әзірленуде.
«Жыл басынан бері 12 шақырым жылу желісі қайта жаңартылып, 6 км желі оқшауланды»,- деді ол.