03:10, 15 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Алматы зообағында қауіпті балық мекен етеді
Алматы зообағының мамандары суда жүзетін «қабыландардың» видеосын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – мурена қабылан балығы. Түр-түсі қабыландыкіндей қоңыр ала болғандықтан осылай аталып еткен. Біздің зообағымызда олардың екеуі бар. Олар үлкен, дөңгелек аквариумда жүзіп жүреді. Мурена жыланбалық тұқымдасына жатады. Көбіне тынық Мұхит пен Үнді мұхитын мекендейді», - деп атап өтті зообақ өкілдері
Оның басқа балықтардыкіндей қабыршығы жоқ. Оның орнына сілекейленген жуан, қалың терісі болады. Зообақтағы муреналардың ұзындығы бір метрге жетеді. Аузы үлкен, екі жақ сүйегі бар. Мықты тістерімен жемтігін шап беріп ұстап алады. Муренамен кездескен балықтар одан оңай қашып құтыла алмайды.
«Мурена өзінің алдыңғы жақ сүйегімен жемтігін тістесе, өңешіне жақын орналасқан екінші жақ сүйегімен жемтікті ішіне қарай итеріп, жұтып алады. Оның тістері артқа қарай майысып тұрады. Кәдімгі қақпан сияқты түскен жемтігін тырп еткізбейді. Осындай жыртқыштығына қарамастан мурена улы емес. Алайда ол тістеп алса, орны қатты ауырып, ұзақ жазылады. Себебі оның ауыз қуысындағы сілекейінде ауру тудыратын микробтар бар. Бұл микробтар ауыз қуысында қалған жемтіктің қалдықтарынан пайда болады», - деп суреттеді зообақтағылар.
Мамандардың айтуынша, мурена адамдар үшін қауіпті емес. Бірақ оны үркітіп, түртетін болсаңыз, қауіп төндіруі мүмкін.
«Зообағымызда муреналар балық, сегізаяқ, асшаян, кальмарлармен көректенеді. Олардың көбеюі толық зерттелмеген. Өмір сүру ұзақтығы – 10 жыл», - деп атап өтті зообақтан.