Алматы зообағында керік төлдеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының хайуанаттар бағында Сұлу атты ұрғашы керік төлдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Зообақтың баспасөз қызметінің мәліметінше, керіктің баласы шілде айының соңында дүниеге келген.

«Бүгін сіздермен кезекті жақсы жаңалығымызбен бөліспекпіз. Алматы хайуанаттар бағындағы Хан мен Сұлу атты керіктер жұбы кішкентай еркек құлынды өмірге әкелді. Жаңа туған кішкентай керік шілде айының соңында дүниеге келді»,- деп жазды Алматы зообағы өзінің Instagram парақшасында.

Әзірге ол әкесі мен әпкесінен бөлек анасымен бірге тұрады.


«Оған әлі ат қойылмады. Сондықтан біз кішкентай керікке ат қоюға байқау жариялаймыз. Сүйкімді жануардың түріне қарап ерекше есімдерді айтыңыздар. Парақшамызға пікір қалдырып, өз ұсыныстарыңызды жазыңыздар»,- деп атап өтті зообақтан.

Сонымен қатар, биыл тұяқтылар бөлімінде 19 төл өмірге келген. Мамандар алда әлі жағымды жаңалықтар көп болатынын тілге тиек етті.

«Зообақ – өзіне тән табиғаты бар, жануарлардың ерекше әлемі. Мұнда жануарлар өзара жұп құрып, төлдеп, көбейіп жатады. Біз зообағымыздағы жаңа төлдердің туғанын олардың кішкене өсіп, қатайғанынан кейін ғана көпке жариялаймыз», - деп хабарлады зообақтағылар.


Фото: Михаил Сорокоумов





Соңғы жаңалықтар