Алматыда 1 сағат ішінде сел басқан аудан тұрғындарына көмек ретінде 1 млн. теңге жиналды
«Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы сел басқан өңір тұрғындарына қолдау білдіру мақсатында қаржылай көмек жинауға кірісті. Бір сағат ішінде 1 млн. теңге қаржы жиналды. Мұнымен қатар, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері бір күндік жалақы көлемінде көмек бермек», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бүгін 23 шілде күні түнгі сағат 03:00 шамасында толассыз жауған жаңбырдан тасқын су Қарғалы өзеніне құйып, одан асқан су Алматы қаласының үш ауданын ішінара басып қалды. Соның ішінде, Наурызбай ауданы сел тасқынынан көбірек жапа шегіп отыр. «Қазселденқорғау» мамандарының айтуынша, Алматы жұртшылығы үшін дүрлігуге еш негіз жоқ. Селден қорғау нысандары берік, оларға ешқандай да сызат түсіп, зақым келмеген. Дегенмен, мамандар Қарғалы өзеніндегі артық суды біртіндеп аудару жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, Қарғалы өзені бойымен артық сулар шлюздер арқылы төмен қарай аударылып жатыр. Селдің салдарын жою жұмыстары жалғасуда. «Қарғалы өзені бөгеті маңынан 898 жергілікті тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Орын алған жағдайды жіті бақылау үшін әуеден бақылау жалғасуда. Қалпына келтіру, тазарту жұмыстары да жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек, су басқан көшелер, аулалар мен қаланың шағын аудандарындағы төтенше оқиғаның келтірген шығындарын бағалау жұмысы жалғасады», - деді ТЖК өкілі. Айта кетерлігі, «Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметіне қарағанда, бөгеннің тұтастығына еш сызат түскен жоқ, артық су шлюздер арқылы аударылып жатыр.