Алматыда 12 мың орындық Мұз сарайы мерзімінен 3 ай бұрын пайдалануға берілді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Гүлмира Есімбаева, Зәуреш Аманжолова, Артур Платонов және Ольга Шишигина «Универсиада-2017» нысандарын аралады.
None
None

12 мың орынды Мұз сарайы алдында оларды «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, Алатау ауданы әкімдігі, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция өкілдері, тиісті қалалық басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қарсы алды.

ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі Фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция жетекшісі Наиль Нұровтан Универсиадаға қанша елдің қатысатындығын сұрады.

«Әзірге 64 ел алдын ала өтінім беріп қойды. Енді, әлемдегі экономикалық дағдарысқа байланысты бұл сан әлі өзгеруі мүмкін. Бірақ, соған қарамастан, біз кем дегенде 50-52 елден 3 мыңнан аса спортшы қатысады деген үміттеміз. Әйтпесе, біз техникалық тұрғыда 64 елдің делегациясын және 5 мың спортшыны қабылдауға сақадай дайынбыз, - деді Н. Нұров. - Кем дегенде 30 мың турист келеді деп жоспарлағанбыз. Бұл жерде біз өзіміздің ішкі туризмге, яғни отандастарымызға көп үміт артып отырмыз».

Өз кезегінде Ольга Шишигина мүмкіндігі шектеулі жандардың Мұз сарайына келуіне қандай жағдай жасалғандығын сұрады.

«12 мың орынды Мұз сарайының сыртқы баспалдақтарында арнайы құрылғылар орнатылған. Солар арқылы олар стадионға көтеріліп, спорттық шараларды тамашалай алады. Ал сарайдың ішкі жағында арнайы жеделсатылар орнатылған», - деп жауап берді Н. Нұров.

Осыдан кейін депутаттар Мұз сарайының ішіне еніп, баспалдақпен трибунаға көтерілді. Мұз айдыны, оның ортасында, дәл шатырдың астына орнатылған, төрт бағытқа қараған алып төрт бұрышты LED-экран және екі деңгейлі трибунадағы сары-көк түсті су жаңа орындықтар көз тартады.

«Мұз сарайы өз шығынын өзі өтей алатын дәрежеге қашан шығады?» - деп сұрады Г. Есімбаева.

«Алдағы 2017 жылы, Универсиада нысандарын күтуге кеткен шығынның 30 пайызын осы нысандардағы коммерциялық қызметтер, яғни нарық арқылы өтеуді жоспарлап отырмыз. Бұл көрсеткішті 2018 жылы - 50 пайызға, ал 2019 жылы - 70 пайызға жеткізуді алдымызға міндет етіп қойдық. Енді Мұз сарайы, Мұз аренасы олар қалай болғанда да қымбат, күрделі инженерлік желісі бар нысандар ғой. Сондықтан оларды күтіп ұстауға бәрібір мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қажет. Бұл жерде шығынның 30 пайызы мемлекет тарапынан, ал 70 пайызы нарық арқылы өтеліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, әлем елдеріне осындай ара-қатынас сақталады», - деп жауап берді бұл сұраққа Алматы қаласының спорт құрылымдары Дирекциясының басшысы Сергей Апенко.

Сонымен қатар, Сергей Леонидович, 12 мың орынды Мұз сарайында биылдың өзінде әр түрлі спорттық шаралар өткізілетіндігін жеткізді.

«Біз биыл Мұз сарайында жыл соңына дейін 8 спорттық шара өткізуді жоспарлап қойдық. Ал 2017 жылы мұнда 28 спорттық шара өткізілетін болады», - деді С. Апенко.

Айта кетелік, 12 мың орынды Мұз сарайы «Қайрат» мини-футбол клубының, сондай-ақ, Алматы қаласының Қазақстан біріншілігінде өнер көрсететін баскетбол және волейбол клубтарының өзіндік алаңына айналады. Сонымен, қатар қаладағы балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің оқушылары мұнда спортпен тегін шұғылдана алады. Яғни, Мұз сарайы көп атқарымдық әмбебап кешенге айналады.

Бұдан кейін депутаттар Мұз сарайының іргесінде орналасқан жүзу бассейнін және 300 орынды жаттығу мұз айдынын тамашалады.

Кездесу соңында депутаттар өз ризашылықтарын білдіріп, қос дирекцияның жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетелік, 12 мың орынды Мұз сарайы - Қазақстандағы ең алып спорттық нысан. Оның құрылысына 44,3 млрд. теңге жұмсалған. Басты мердігер - «СК Базис» ЖШС.

Ресми ашылу рәсімі алдағы тамыз айының соңына жоспарланып отыр. Оған Елбасы Н. Назарбаев қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар