18:16, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда 120 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы қаласының Жетісу ауданына қарасты «Құлагер» ықшамауданында 120 орындық жаңа балабақша ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. № 162 балабақша - Алматыда 20 жылдан кейін ашылған екінші мектеп жасына дейінгі мекеме. Оның жалпы алаңы - 1800 шаршы метр. Мекеме 5 топқа арналған. Мұнда асхана, музыка залы, медициналық кабинет, оқшаулау бөлмесі бар. Қазіргі кезде оған баратын балалар іріктелуде. Оқу-тәрбие жұмысы мемлекеттік тілде жүретін болады. Балабақша құрылысына республикалық бюджеттен 317 млн. теңге бөлінді. Құрылысты «Әлем Құрылыс» компаниясы жүргізген. Қазіргі кезде қалада тағы да алты бала бақша салынуда, оның екеуі бірінші тоқсанда, ал қалғандары 2009 жылдың аяғында салынып бітеді. Балабақшаның ашылуына қатысқан Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова өз сөзінде экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан мемлекет өзінің әлеуметтік міндетін ойдағыдай атқарып жатқандығын айтты. Бүгінде республикада 200 балабақша салынуда. «Алматы қаласында мынадай ғажап балабақшаның ашылуы Президент алға қойған әлеуметтік салаға бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуы жөніндегі міндеттің ойдағыдай орындалып жатқандығын көрсетеді», - деді вице-министр.