Алматыда 130-ға жуық ұрланған ұялы телефон иелеріне қайтарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полицейлері 130-ға жуық ұрланған ұялы телефонды иелеріне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл мобильдік құрылғылар арнайы операция кезінде тәркіленді.

Алматыда 130-ға жуық ұрланған ұялы телефон иелеріне қайтарылды

Алматы полицейлері жеке үйлердің бірінде тінту жүргізген. Белгілі болғандай, бұл үйге ұрланған тауарларды тұрақты сатып алушылар жиі келеді екен.

Еске сала кетейік, биыл арнайы операция барысында қылмыстық жолмен табылған 464 мобильді құрылғы тәркіленген еді.

«Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарының көмегімен ағайынды екі азаматты ұстады. Олар ұрланған ұялы телефондар мен басқа да қондырғыларды сатып алып жүрген. Мұндай қондырғылардың ірі партиясы Қырғызстан мен Өзбекстанға жөнелтілуге ​​дайын болған. Күдіктілердің тұрғылықты жерінде өткізілген санкцияланған тінту кезінде 464 смартфон, 1 ноутбук және 4 қол сағат табылып, тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 196-бабының 2-бөлігі (Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта осы ұялы телефондардың иелерін анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков. Тергеушілер иесі анықталған смартфондарды қайтаруды бастады. Кеше Полиция департаментіне ұялы құрылғыларын алу үшін шамамен 30 адам келді.

«Кешкі сағат 7 мен 8 арасында «Алтын Орда» базарының жанында белгісіз ер адам жол көрсетуімді өтініп, қараңғылықты пайдаланып, маған жақындады. Сол кезде ол менің күртешемнің оң қалтасынан телефонымды ұрлап кетті. Мен полиция қызметкерлеріне үлкен ризашылығымды білдіремін. Олардың жұмыстары әрдайым осындай жемісті болсын», – деді телефоны қйтарылған зейнеткер.

«Ал менің ұялы телефонымды көліктен ұрлап кетті. Оны тапқаны үшін полицияға рахмет», – деді тағы бір тұрғын.