Алматыда 2012 жылдың қыркүйегінде іздеу жарияланған сотталушы ұсталды
АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Қылмыстық атқару жүйесінің және Алматы ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері өткен жылдың қыркүйек айынан бері іздеу жарияланған сотталушыны қолға түсірді.
Бұл туралы ІІД ҚАЖК баспасөз қызметінен хабарланды.
32 жастағы сотталушы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы қоныстандыру колониясында жазасын өтеді. Оның еркін жүріп-тұру құқығы бар. Бірақ айдың ортасында сотталушы өзінің жұмыс орнын тастап, ізін суытқан.
Сол уақыттан бері оны іздеу шарасы қолға алынған-ды. Қашқынның тұлғасы бейнеленген нұсқаулар еліміздің барлық аумағына жіберілді. Оңтүстік астанадағы криминалдық полицияның қызметкерлері оның ізіне түсе алды.
Қазіргі уақытта қашқын Алматы ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кеткен жөн, өткен аптада 2012 жылдың тамызынан іздестірілген тағы бір сотталушы Алматы облысының Байсерке кентінде ұсталды.