Алматыда 2016 жылдың мамырына қарай ақылы автотұрақтар жүйесі іске қосылады

«Алматының көлік тұрағы инфрақұрылымын дамыту мәселесіне қатысты өткен жиында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңесінің мүшелері мен қала прокуратурасы қазіргі автотұрақ жүйесін өзгерту туралы бастама көтерді», - делінген хабарламада.
Осыған орай, келер жылдың басына дейін автотұрақ инфрақұрылымының бірыңғай Тұжырымдамасы жасалып, оның құрамына тұрақ аймағы көрсетілген карта, стационарлық және аула ішіндегі автотұрақтар мен гараж кооперативтері енетін болады. Сонымен қатар, ақылы автотұрақтар құру жобасы қолға алынады. Оған жеке инвесторлар тартылады. Бұл ақылы автотұрақтар жүйесі 2016 жылдың мамыр айында жұмыс істейді деп жоспарлануда.
Автотұрақтарға өзгеріс енгізуге тұрғындардың көптеген шағымдары себеп болды. Мысалы, қадағалаушы органдар өкілдері «Алматы спецтехпаркинг сервис» кәсіпорнын тексерген кезде онда барлық бағыттар бойынша көптеген былықтардың орын алғандығы анықталды.
«Жол жиектеріндегі автотұрақтар қалада өзекті мәселеге айналып барады. Олар көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Ал сонда істейтіндер ешқандай чек бермейді және жауапкершілікті мойындарына алмайды», - деді өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңесі төрағасының орынбасары Борис Джапаров.
Енді автокөлік тұрақтарының мәселесін дұрыс шешу, қалада көлік қозғалысын жақсарту және осы саладағы көлеңкелі қаржы көздерін анықтау үшін бірқатар нақтылы шаралар жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, жеке қолға жалға берілген және жалға беру мерзімі аяқталған жер телімдері, сондай-ақ, мақсатты түрде пайдаланылмаған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарып алынуы мүмкін. Бұдан басқа, автокөлік қоюға тыйым салатын жол белгілерінің ықпал ету аймақтары кеңейтіліп, автокөлікті эвакуациялауға арналған арнайы техникалардың саны көбейтіледі. Сонымен қатар, келер жылдың аяғына дейін «109» кезекшілік-диспетчерлік бірыңғай базасында байланыс орталығы құрылып, оған қала тұрғындары автокөліктерін қойғаны үшін заңсыз алынған ақша туралы хабарлай алады.
Жиын соңында қала әкімдігінің тиісті қызмет көрсету ұйымдарына, мемлекет меншігіне қайтарылып алынған жер телімдеріне көп деңгейлі паркингтер салу мәселесін жете зерттеу тапсырылды.