Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары үшін жаңа бу қазандығы салынып жатыр
Бұл туралы кеше Алматыда БАҚ өкілдері үшін қаладағы энергия кешендері бойынша жасалған көшпелі жиын барысында Алматының екінші жылу электр орталығының (Алматы 2-ЖЭО) басқарушы директоры Бейсембек Сабырқұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл жобаға республикалық бюджеттен 25 млрд. теңге бөлінген.
«Алматыда екінші жылу электр орталығында жаңа бу қазандығы салынып жатыр. Оның құрылысы 2016 жылдың басында аяқталып, ақпан айында қазандық іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл қазан агрегаты сағатына 420 тонна бу өндіре алады. Осы қазандықтың арқасында Универсиада ойындары өтетін барлық нысандар жылумен және электр энергиясымен толықтай қамтамасыз етіледі. Бұл жерде жылына қосымша 450 млн. кВтс. электр энергиясы өндіріледі» - деді Б. Сабырқұлов.
Айта кетелік, Алматы 2-ЖЭО Қазақстандағы ең ірі жылу электр орталығы болып табылады. Биыл оның іргетасының қаланғанына 40 жыл толып отыр. Сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру мақсатында станса 12 метр тереңдікте орналасқан. Жаңа бу қазаны іске қосылған соң, орталықта әрқайсысының қуаты 420 тонн/сағ. 8 бу қазаны жұмыс істейтін болады.