Алматыда 2020 жылы рельсті көлік желісімен күніне 60 мыңнан астам жолаушы тасымалданатын болады

Бұған Алматыда қаласының әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастық аясында қол жеткізілді. Сонымен, 2020 жылы Алматыда жеңіл рельсті көлік желісі арқылы күніне 62 мыңдай жолаушы тасымалданатын болады. Желінің бағыты Индустриалды аймақтағы деподан басталып, Б.Момышұлы, Төле би, Панфилов көшелері, «Астана» алаңы, Мақатаев және Жетісу көшелері арқылы жүретін болады. Сондай-ақ, желіні Батыс автовокзалы мен соңғы метро бекетіне дейін, яғни Райымбек даңғылы арқылы Қалқаман шағын ауданындағы Әуезов көшесіне дейін жеткізу көзделген. Бұл жобаны жүзеге асыру, «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасына сәйкес, қалаға іргелес жатқан аудандарды, соның ішінде бизнес-секторды дамытуға септігін тигізеді. Одан басқа, қаладағы басты магистралдық көшелердегі көлік қозғалысын жеңілдетуге оң әсерін тигізеді (күніне 25 мың автокөлікке дейін қысқарады), сондай-ақ экологиялық жағдай жақсара түседі. Осылайша, жеңіл рельсті көлік желісі Алматы қаласы үшін «жасыл» экономикаға көшуде негіз қалаушы факторға айналмақ.