Алматыда 37 шетелдік депортацияланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Мигрант» жедел профилактикалық шарасы барысында 37 шетелдік өз еліне депортацияланды, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған шара 24-30 шілде аралығында заңсыз шекара асқан тұлғаларды анықтауға арналған.
«Бірінші күні 133 шетелдік және 22 Қазақстан азаматы ҚР Көші-қон туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 6 жұмыс берушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Алматы қалалық ІІД қабылдау орталығына жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 65 адам жеткізілді. Алматы ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 37 шетелдік азамат еліне қайтарылды. Сонымен қатар, өткен тәулікте сот шешімін орындамаған шетелдік азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды», - деді ІІД Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Жандос Тұрысбеков.
Апталық барысында сауда үйлері, дәмхана, базарлар, адам көп шоғырланған жерлерде тексеру жүреді.
Алматыда барлығы жыл басынан бері 21 032 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 9 013-і шетелдік. Солардың ішінде сот шешімімен 1 266 шетелдік Қазақстан шығарылды.