Алматыда 6-16 жас аралығындағы балалар тұңғыш рет «Барселона» ФК-ның жаттығу лагеріне қатысады

«Барселона» ФК футбол лагері кезінде біздің жаттықтырушылар футболдың біртуар жұлдыздарының көбісін тәрбиелеуге жол ашқан бірегей әдістемені қолдана отырып, дәріс береді. Бұл әрине қазақстандық балалардың ойнау дағдыларын жақсартуға да жол ашады. Сондай-ақ, қатысушылар «Барселона» командасының құндылықтары мен философиясы туралы көбірек біле алады. «Барселонаның» рухы мен құндылықтарына қанығады», - деді бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Барселона» ФК Азия-тынық мұхит аймағы бойынша даму директоры Антони Клаверия.
Өз кезегінде Қазақстанның футбол федерациясы атқарушы комитетінің мүшесі, Қазақстандық «Жас Қыран» балалар-жасөспірімдер футболы лигасының вице-президенті Марат Әбділдабеков «Барселона» ФК Қазақстанға қызығушылық танытып отырғанына ризашылығын білдірді.
«Кәсіби футболдың дамуы балалар-жасөспірімдер футболының дамуымен тығыз байланысты. Елімізде соңғы жылдары балалар-жасөспірімдер футболы жақсы дамып келеді. Біз бәріміз ортақ іске жанашырмыз және аз ғана уақыт өткен соң бұл еңбек өз жемісін беретініне сенімдімін», - деді ол.
Жаттығу лагері 15-26 тамыз аралығында Алматыда Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Спартак» стадионы базасында өтеді. Барлығы екі топты жаттықтыру жоспарланған. Олардың әрқайсысы 5 күн бойы күн сайын таңғы сағат 9.30-дан 17.00-ға дейін жалғасады. Жаттығуға 6-16 жас аралығындағы ер және қыз балалар қатыса алады. Бағдарлама аясында 10 жаттығу сессиясын және 10 теориялық семинарды өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, қатысушылар спорттық тамақтандыру жүйесімен танысады.
«Лагерь бағдарламасы футболдық дағдылар мен тактикаларды игеру, топтық рухқа тәрбиелеу, спорттық гигиена мен теңестірілген тамақтану теориясы негіздерін тұрады», - деді сөз соңында «Барселона» ФК Қазақстандағы ресми серіктесінің өкілі Дамир Рыспеков.