Алматыда 700-ден астам мас жүргізуші жазаға тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мас күйінде рульге отырған жүргізушілер көлік басқару құқығынан айырылып, қамауға алынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 700-ден астам мас жүргізуші  жазаға тартылды

Жыл басынан бері Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешіміне сәйкес, мас күйінде көлік айдаған 711 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Ал оның 1084-і көлік айдау құқығынан айырылды.

«Бүгінгі таңда мегаполисте апат деңгейі 41,3% -ға азайды. Жалпы, Алматы жолдарында 1 486 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 46 адам көз жұмып, тағы екі мыңға жуық адам түрлі дене жарақатын алды. Сондай-ақ, жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 546 925 жүргізуші анықталды. Қазір қалада көлік қозғалысын қадағалап отыратын автоматтандырылған 105 пост жұмыс істейді. «Сергек» жүйесінің көмегімен 354 083 бұзушылық тіркелді, - дейді Алматы қаласы ДП әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.