Алматыда 83 көлік тонаушы ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық тәртіп сақшылары автокөліктердің қосалқы бөлшектері сатылатын қала базарларында жедел-алдын алу шараларын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Соңғы жарты жылда 49 мақсаттық жедел-алдын алу шаралары өткізілді. Нәтижесінде қылмыс жасағаны үшін күдікті ретінде 4 мыңнан астам адам ұсталды, басқа біреудің мүлкін ұрлаумен айналысатын 118 топтың қылмыстық қызметі тоқтатылды. Бөгде автокөліктерден мүлік ұрлаған 403 адамның 37-і айна ұрлағаны үшін ұсталды, оның 7-еуі бұрын сотталған, ұрланған тауарларды сатып алған16 адам сотталды. Үстіміздегі жылдың 3 айында ұрланған мүлік сату орындарында 51 айна, 7 автомагнитофон, 14 тұманға қарсы шам тәркіленді. Автокөліктерден бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін 83 адам ұсталды, оның 30-дан астамы айна ұрлаумен айналысқан», - деп хабарлады Алматы ПД басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев.
Полиция мәліметінше, 1-5 сәуір аралығында өткізілген жедел-алдын алу шаралары барысында «Carcity» аумағында автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатумен айналысатын 30 ТБО, 403 бутик тексерілді.
Автор: Данияр Дауталиев