Алматыда 9 жедел жәрдем бригадасы кәсіби шеберліктерін сынамақ

Бүгін халқаралық шара қызықты конкурсқа жалғасады. Қазақстанның әр түкпірінен жасақталған 9 жедел жәрдем бригадасы кәсіби шеберлігін көрсетуден сынға түседі. Мамандар адамды шұғыл түрде қалай құтқару керектігін көрсетеді.
Сайыста жоғары технологиялық симуляциялық манекендер пайдаланылады.
Дәрігерлер өткір коронарлық синдром, түрлі дене жарақатын, жүрек талмасы, анафилактикалық шок кезінде қалай әрекет етуді көрсетеді.
Сайыстың екінші жартысында жедел жәрдем қызметкерлері мезгілі жеткен әйелді босандырады. Босанудан кейінгі қан кету, медициналық дәрмекпен улану жағдайында «адамдарға шұғыл көмек» көрсетеді.
Аталған сайыс онлайн түрде Алматы стансаларында көрсетілетін болады. Дәрігерлер өздерінің әріптестерінің қимылын бақылай алады.
Бүгінгі таңда Алматы тұрғындарына 9 подстанса, 167 бригада, оның ішінде 9 жансақтау, 21 қарқынды терапия, 25 педиатриялық, 66 желілік, 46 фельдшерлік бригада қызмет көрсетіп келеді.
Осы уақыт аралығында салада елеулі өзгерістер орын алған. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, Алматы қалалық даму бағдарламасы аясында да Алматыдағы жедел жәрдем мен санитарлық авиация саласының дамуы жан-жақты қарастырылған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметовтың айтуынша, адам денсаулығы - қоғамның басты құндылығы.
«Алматыдағы жедел жәрдем қызметі халық денсаулығын қалтқысыз бақылап тұр. Алматы қызметі еліміздегі ересектер мен балаларға шұғыл көмек көрсететін аса ірі медициналық құрылым болып отыр. Қала билігінің осы салаға көп көңіл бөліп, үнемі жетілдіруі арқасында халыққа алаңдауға еш негіз жоқ», - деді Уәлихан Ахметов.