Алматыда «Абайдың қолжазбасы» атты бірегей көрме ашылады

АЛМАТЫ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде қарашаның 25-і күні «Абайдың қолжазбасы» атты бірегей көрме ашылады.
None
None

Көрмеге Абай Құнанбайұлына байланысты сирек кездесетін экспонаттар мен деректер, түрлі мекемелерден анықталынған хаттарының көшірмелері, Абай балаларының портреттері, оның шығармаларының әр түрлі кезеңдердегі басылымдары қойылатын болады. Сонымен қатар, көрмеге ҚР МОМ қорында көп жылдар бойы сақталынып келген, Абай шығармаларын жинақтаған Мүрсейіт Бікіұлы (1860-1917 жж.) қолжазбасының 4-ші нұсқасы алғаш рет қойылады. Бұл қолжазбаның бүгінгі күнге дейін үш нұсқасы ғана белгілі. Атап айтқанда, 1905 жылғы нұсқасы ҚР ҰҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасында, 1907 жылғы нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында, 1910 жылғы нұсқасы М.Әуезов музейінде сақталған.

Сондай-ақ, көрмеге Тұрағұл Абайұлы мен Ахат Құдайбердіұлының жазып алған Абай өлеңдері мен оның А.С.Пушкиннен, М.Ю.Лермонтовтан, И.А.Крыловтан аударған шығармалары тұңғыш рет қойылмақ.

Бүгінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында қазақ халқының рухани мәдениетінің асыл мұраларына жататын көне қолжазбалар мен сирек басылымдардың 410-нан астам түрі сақталған.

Соңғы жаңалықтар