Алматыда «Абайдың қолжазбасы» атты бірегей көрме ашылды

Көрмеге Абай Құнанбайұлына байланысты сирек кездесетін экспонаттар мен деректер, түрлі мекемелерден анықталынған хаттарының көшірмелері, Абай балаларының портреттері, оның шығармаларының әр түрлі кезеңдердегі басылымдары, әйелі Ділданың домбырасы, Абайдың орындығы қойылған. Атап өтерлігі көрмеге тұңғыш рет ұлы Абайдың қазақ тілінде араб жазуымен жазылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деп аталатын қолжазба қойылды.
«Бұл қолжазбаны 1933-1934 жылы Әуезов бастаған экспедиция Семей өңірінен әкелді. Қолжазба 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен, қара қарындашпен 4 параққа, яғни 8 бетке жазылған. Бұл қолжазбаны «Абайдың өзінікі» деп көптеген зерттеушілермен қатар, Абайдың ұлы Тұрағұлдың (1875-1934 жж.) естелігі де растайды. Аталмыш қолжазбаның қара қарындашпен жазылғандығы да басты назарды аудартады. Өйткені, Абай өз шығармаларының денін қара қарындашпен жазған. Сондай-ақ бұл қолжазбаның жазу үлгісі Абайдың әдеби хатшысы болған, оның шығармаларын көшіріп жазушы Мүрсейіт Бікіұлы және Тұрағұл Абайұлының қолжазбаларындағы жазу ерекшеліктеріне мүлдем ұқсамайтындығы анықталынды. Демек, аталмыш қолжазбаның ұлы ақынның төлтума туындысы деуге толық негіз бар»,-деді ҚР Орталық мемлекеттік мұражайдың Қолжазбалар орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Пакизат Әуезбаева.
Көрмеге бұдан өзге Абай Құнанбайұлының құнды үш қолжазбалары алғаш рет қойылды. Олар - Тұрағұл Абайұлы мен Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдайбердіұлының жазып алған Абай өлеңдерінің түпнұсқасы, сонымен қатар, Абайдың хатшысы болған, Абай шығармаларын жинақтаған Мүрсейіт Бікіұлы (1860-1917 жж.) қолжазбасының 4-ші нұсқасы. Бұл қолжазбаның бүгінгі күнге дейін үш нұсқасы ғана белгілі. Атап айтқанда, 1905 жылғы нұсқасы ҚР ҰҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасында, 1907 жылғы нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында, 1910 жылғы нұсқасы М.Әуезов музейінде сақталған.
«Бүгінгі қойылған қолжазбалар музей қорында ертеден сақталған, бірақ зерттеушілерден өзге ешкімге қолжетімді болмай келді. Біз осы қолжазбаны көпшілік, қалың жұртшылық көрсін, білсін деген мақсатпен арнайы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұсынып отырмыз. Бұл үлкен істің бастамасы ғана. Алдағы уақытта Абай шығармаларына арналған үлкен еңбек, кітап дайындап жатырмыз, онда осы қолжазбалар, транскрипциясымен, қазақша аудармасымен және сөздігімен берілетін болады»,-деді Пакизат Әуезбаева.
Көрме 2012 жылдың қаңтар айының аяғына дейін жұмыс істейтін болады.