Алматыда адамды қағып кетіп, мерт қылған жүргізуші ұсталды
Қайғылы оқиға 10 қаңтарда Красногорская көшесінде орын алған. Белгісіз көлік жолда тұрған ер адамды қағып кетіп, оған еш көмек көрсетпестен тайып тұрған. Салдарынан 43 жастағы ер адам келесі күні ауруханада қаза болды.
«Бұл оқиға туралы көзімен көрген куәгер хабарлады. Артта келе жатқан көлікте жолаушы ретінде келе жатқан әйел Жедел басқару орталығына өзі хабарласқан. Көз алдында болған оқиғаға бей-жай қарай алмаған әйел куәгер ретінде тергеуге қатысуға келісім берді. Ол көліктің кейбір белгілері мен түр-түсін айтып берді. Қазір «Ақсай» ауданының 30 жастағы тұрғыны ұсталып, өзінің кінәсін мойындап отыр», - деді қалалық ІІД анықтау басқармасының басшысы Рүстем Әбдірахманов.
Оның «Ниссан Санни» көлігі қазір дәйек ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
«К. есімді азаматтың бұрын да мас күйінде көлік айдағаны үшін 2 жылға жүргізуші құқығынан айрылғаны анықталды. Заңды белшесінен басып, қайтадан көлік басқарудың соңы адам өліміне әкеп соқты. Жақын арада оған қатысты бұлтартпас шара қолданылады», - деді майор Р.Әбдірахманов.