Алматыда әдеби жыл қорытындысы жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда, Жазушылар одағында «2012-2013 жылдардың әдеби жыл қорытындысы» атты жиын өтті.
None
None

Оған 200-ге жуық ақын-жазушылар қатысты. Олардың арасында Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин және қазақ әдебиетінің ақсақалдары ақын Тұрсынзада Есімжанов, Оразақын Асар және Зәкір Асабаев, Үмбетбай Уайдин секілді танымал сықақшылар болды.

«Биылғы жиынның бір ерекшелегі мұнда тек мақтаулар ғана емес, орынды сындар да айтылды. Жиын өте әділ өтті. Баяндама жасаушылар да тыңғылықты дайындалып келген екен. Жалпы 12 әдеби бағыт бойынша баяндама жасалды. Олар: сын, сатира, поэзия, проза, деректі проза, аударма, ұйғыр әдебиеті, драматургия, балалар әдебиеті және поэзиясы, фантастика, орыс әдебиеті және жастар әдебиеті. Баяндамлардың, жарыссөздердің қызықты болғаны соншалық, бүгінгі жиынға қатысқан ақын-жазушылардың барлығы дерлік жиынның соңына дейін отырды», - деді өз сөзінде Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, белгілі балалар жазушысы Сәбит Дүйсенбиев.

Баяндамалардың ішінде ақын Қасымхан Бегмановтың бүгінгі қазақ поэзиясына қатысты жасаған баяндамасы өзінің сындарлығымен ерекшеленді.

2012-2013 жылдары еліміздің түрлі баспаларынан 40 жуық жыр кітаптары шыққан екен. Солардың ішінде «Дәстүр» және «Тұран» баспалары «Дала дарыны» жобасымен Қазақстан бойынша жас ақындардың жырларынан құрастырылған 15 жинақтың тұсауын кескен. Осыларды талдай келе ақын Қасымхан Бегманов қазақ поэзиясына қатысты баяндамасында:

«Бүгінгі ақындарымыздың көпшілігіне тән ортақ бір нәрсе, ұлттық поэзиямыздың өн бойынан уайым сарыны есіп тұрғандай әсерге бөлендім! Иә, қазақ ақындарының қазіргі таңдағы көңіл күйі еліміздің ертеңіне қатты алаңдайтыны анық аңғарылып тұр. Жасына, жынысына қарамастан кез келген ақынның жыр кітаптарынан төңірегімізде болып жатқан бітпейтін қым-қиғаш дау-дамайлар, кескілескен қанды майдандар, талас-тартыстар, өртенеген базарлар, қап арқалап қабырғасы қайысқан қазақтың көңіл күйі бүгінгі қазақ өлеңіне еніп кеткендей. Иә, туған халқының тағдырына, өскен өлкесіне, атамекеніне алаңдамаса, оның ертеңін уайымдамаса оның несі ақын дейсің? Ұлттық поэзиямызға, тәуелсіздікке дейінгі, тәуелсіздіктен кейінгі қазақ поэзиясы деп саралай қарасақ, санадан өткізіп талдасақ, мынаны аңғарамыз. Ол заманалардың ырқымен кетпей қазақ ақындары өздерінің асқақ жырларын миллиондардың жүректеріне жеткізе алғандығы емес пе?» - деді.

Естеріңізге сала кетейік, әдеби жыл қорытындысы өткен жылы белгілі себептерге байланысты өтпей қалған болатын. Биыл екі жылдың қорытындысы жасалып, алдағы атқарылатын жұмыстар айқындалды. Осы жиында оқылған баяндамалар мен жарыссөздердің қорытындысы «Қазақ әдебиеті» газетінің алдағы екі нөмірінде жарық көретін болады.

Соңғы жаңалықтар