Алматыда әділет департаменті жанынан кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқығын қорғайтын қоғамдық кеңес құрылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен құрылған бұл қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын бақылау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу болып табылады. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес соңғы кезде халықтан келетін шағымдардың көп бөлігі жылжымайтын мүлік пен заңды тұлғаларды тіркеу бөлімдерінің мамандарына, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен әділет департаментінің құрылымдық бөлімшелеріндегі қызметкерлер атына келіп түседі екен.
«Шағымдарды әділет департаментінде мұқият талдап, нәтижесінде кәсіпкер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық кеңес құру туралы шешім қабылдадық. Бұл қоғамдық кеңестің құрамына әділет департаментінің бастығы және тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы мен тұтынушы өкілдер кіреді. Олар тұтынушылардың шағымдары мен талап-тілектеріне орай жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ Алматы қаласы Әділет департаменті жұмысы бойынша барлық сұрақтар мен ұсыныстарды жаңадан ашылған www.justalmaty.kz . сайтынан білуге болады. Біз БАҚ өкілдерін жұмыстарымыздың нәтижесімен ай сайын таныстырып отырмақпыз», - дейді Алматы қалалық әділет департаментінің бастығы Бағбан Тайымбетов.