Алматыда ағылшын тілінде оқытатын мектептердің саны 80-ге артады
Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова қоғамдық кеңестің отырысында айтты.
«Бүгінде үш тілді оқуға кезең-кезеңімен өту - өзекті мәселенің бірі. Физика, биология, химия, информатика пәндерін оқытатын 487 мұғалім курстан өтіп жатыр. 779 мұғалім курсты аяқтап, сертификат алды. 2017-18 оқу жылында пилоттық режімде оқыту қаланың 27 мектебінде 8-сыныптарында жүзеге асырылды. Келесі жаңа оқу жылында тағы 80 мектепте оқытылады», - деді Гүлнар Ходжабергенова.
Оның айтуынша, ағылшын тілінде білім беретін ұстаздардың жалақысы да бірнеше есе көтеріледі.
«ҚР БҒМ бұрынғы көрсетілген талаптарына сәйкес, физика, биология, химия және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын 33 мұғалімнің базалық лауазымдық еңбекақысына 200 пайыз қосымша жалақы қосылады», - деді Г.Ходжабергенова.