Алматыда алапат зілзала болса, халық қайда паналай алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық ауқымда сейсмикалық жаттығу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда алапат зілзала болса, халық қайда паналай алады
Фото: Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, сейсмикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қала тұрғындарының төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылға дайындығын арттыру, тұрғындарды эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтап, апаттық чемодан дайындау болды.

Бұл ретте халықты құлақтандыру мақсатында жалпықалалық сейсмикалық жаттығуға алдын ала дайындық жүргізілді.

Мәселен, екі күн бұрын телеарналар мен радиоарналарда хабарландыру айтылып, алматылықтар эвакуациялау туралы ақпараттандырылып, ақыл-кеңес берілді.

Сейсмикалық оқу-жаттығу күні теле және радиоарналар сиреналық қондырғылар арқылы қалалық ескерту жүйесі іске қосылып, «ДӘРМЕН» мобильді қосымшасы арқылы push-хабарлама жіберілді.

Ведомствоның мәліметінше, қалада үлкен зілзала болған жағдайда шартты түрде баспанасыз қалған адамдарға 384 қабылдау пункті ашылады.

Ол жайында осы сілтемеде толық мәлімет берілген.

«Аталған пунктер халықты жинауға, тіркеуге, уақытша орналастыруға, зардап шеккен халықты қажетті заттармен (су, тамақ, азық-түлік) қамтамасыз етуге, көлікке отырғызып, қауіпсіз аудандарға эвакуациялауға арналған. Баспанасыз қалған, зардап шеккен халықты қабылдаудың 384 пункті туралы толық ақпарат 2GIS картасында бар, оны көру үшін 2GIS-ке «зардап шеккен халықты қабылдау пунктілері» сөзін жазып, іздеу керек. Ақпаратты сондай-ақ Алматы қалалық ТЖД мен қалалық әкімдіктің ресми сайтынан оқуға болады», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Биылғы 8 айда қала мектептерінде 230 мыңнан астам оқушы қамтылған 114 интерактивті сабақ өткізілді.

Қала ұйымдарында 7,2 мыңнан астам оқу-жаттығу өтті, олар тоқсан сайын ұйымдастырылады.