Алматыда алдағы жылы екі жаңа Назарбаев зияткерлік мектебі ашылады
«Бүгінгі шара «Университет-бизнес-қоғам. Тәжірибе және серіктестіктің келешегі» деп аталды. Бұл форумның басты мақсаты - осы үш сала өкілдерінің басын қосып, өзара ынтымақтастық орнатудың жолдарын айқындау. Форум соңында әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мұхаметқали Бүркітбаев мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова меморандумға қол қойды.
Құжатқа сәйес, алдағы жылы Алматыда екі жаңа Назарбаев зияткерлік мектебі ашылады. Өздеріңіз білесіздер, бұл білім ордасында барлық дәрістер тек ағылшын тілінде оқытылады. Ал бізде алдағы жылы университетімізде тұңғыш рет барлық 14 факультет бойынша ағылшын бөлімдерінің түлектері оқу тауысады. Олар жаңадан ашылайын деп жатқан осы мектептерге мұғалім болып баруларына мүмкіндіктері бар. Меморандум екі білім ордасы арасында өзара ынтымақтастық орнатуға бағытталған», - деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің мансап және бизнес орталығының директоры Қайыржан Әбдіхалықов.
Сонымен қатар, форум барысында университеттің студенттерін белсенді түрде тәжірибелік жұмыстарға тартатын, түлектерін жұмыспен қамтитын 21 жұмыс беруші компания университеттің 80 жылдық мерейтойына орай естелік медальдарымен марапатталды. Барлығы 60 жұмыс берушіге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Осы форум аясында бүгін университет қабырғасында тұңғыш рет халықаралық деңгейде бос қызмет орындары жәрмеңкесі өтті. Оған жүзге жуық жұмыс беруші компаниялар қатысып, 1000-ға жуық бос қызмет орындарын ұсынды. Команиялардың арасында тек Астана мен Алматының ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа да өңірлерінде қызмет атқаратын компаниялар және бірқатар шет елдік компаниялар да қатысты. Жәрмеңке нәтижесі алдағы күндері белгілі болады.