Алматыда «Алдар көсе XXI ғасырда» комедиясының тұсауы кесілді (ФОТО)

Осылайша, «Tengri media production» кинокомпаниясы Жаңа жыл қарсаңында қазақстандық көрермендерге осындай ерекше сыйлық ұсынды.
Фильмнің сюжеті бойынша Алдар көсе Аяз атаның тапсырмасымен Астанаға барады. Онда ол Медет есімді аңқау да епсіз кәсіпкерге көмектесуі тиіс. Өйткені, Медетті серіктестері көп алдайды, ал енесі ісіне кедергі жасайды. Сөйтіп, Алдар көсе Медетке көмектеседі.
Түсіруші топтың айтуынша, фильмнің бюджеті 100 мың доллар болан. Ал картинаның өзі 1,5 айдың ішінде түсірілген. Дегенмен, қысқа уақытта түсірілуі актерлардың ойыны мен фильмнің сапасына кері әсерін тигізбеген.
Фильмде Медетті Нұржан Бейсенов, Алдар көсені Шыныбек Рахмашев сомдаған.
Сонымен қатар, фильмге Фархат Әбдрайымов, Қаракөз Тілеубекова, Обид Асомов және Дина Тасболатова сынды актерлар түскен.
«Мен негізі бұған дейін тек қазақ тілді фильмдерге түсіп келдім. Ал мына фильм орыс тілінде жасалды. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Мен Алдар көсені орындап шықтым. Кезінде менің дипломдық жұмысым да осы бір кейіпкермен байланысты болған еді. Меніңше, қазіргі Алдар көсе дәстүрлі образдан өзгеше. Ол қазір аз алдап, көбінесе ақыл-кеңес айтып, тілектес болып жүреді», -деді жас актер Шыныбек Рахмашев.
Фильмнің қоюшы режисері - Әзіз Өмірзақов. Ол киноиндустрия саласында 16 жасында келген екен. Содан бері бірқатар өзбек фильмдерін түсірген және ресейлік сериалдарда жұмыс істеген.
Бұл оның Қазақстандағы алғашқы киносы емес. Режисердің айтуынша, ол «Алып қашу операциясы» фильмінің жасалуына да қатысан екен.
«Алдар көсе XXI ғасырда» жаңа жылдық комедиясы прокатқа бір мезетте Астана, Алматы, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шымкент қалаларында шықты.