Алматыда әлеуметтік идеялар банкі - i-Azamat.kz тұғырнамасы құрылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда әлеуметтік идеялар банкі - i-Azamat.kz тұғырнамасы құрылды.
None
None

Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен құрылған бұл сайтқа кез келген азамат, кәсіпкер өз ұсыныстарын немесе бизнес-жобаларын ұсына отырып, оны бастау үшін 100 мың теңгені жеңіп алу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл тұғырнамаға қатысудың негізгі шарты сол, жоба немесе бизнес қала тұрғындарының өмірін жақсартуға немесе қаланың игілікті істеріне ғана бағытталуы тиіс. Тұғырнаманың басты мақсаты - қала мен қала тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған ең жаңашыл және ең тиімді жобаларды жинау және оларға жан-жақты қолдау көрсету.

«Әрине, қазір қалада мәселелер көп. Әкімдіктің өз сайты да бар. Оған кез келген азамат кіріп, өз ұсыныстарын немесе шағымдарын білдіре алады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан, азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру үшін, қаланың әлеуметтік мәселелерін солармен бірлесіп шешу үшін, қала әкімдігі мемлекеттік сатып алу арқылы байқау ұйымдастырды. Қазір біз оның жеңімпазы - «Төбе» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, «Ай, азамат!» жобасын қолға алдық. Оны 2014 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Оған мемлекеттік бюджеттен 3 миллион 200 мың теңге бөлініп отыр, - деді баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыс орнату бөлімінің бас маманы Фариза Қамбарова.

Өз кезегінде «Төбе» әлеуметтік-мәдени даму қорының» директоры Дана Шаяхмет, жаңа тұрғырнаманы қызықты ете түсу үшін оған жаңа қосымшалар енгізгендігін жеткізді.

«Біздің алдымызда ең алғашында тек әлеуметтік идеялар банкін, яғни сайт жасауды көздеген болатынбыз. Бірақ біз оны қала тұрғындары арасында қызықты ете түсу үшін, ойша «Азамат» деп аталатын белсенді кейіпкерді ойлап таптық. Енді «Азамат» сайт бетіндегі өзінің блогында қала мәселелері бойынша пікір бөліседі. Сонымен қатар идея ұсынушылар арасында байқау ұйымдастыруды да ұйғардық. Яғни, алдағы қазан айының соңында ұсынылған идеялар мен жобалар арасынан 10 жоба таңдап алынады. Кейін арнайы комиссия олардың ішінен 3 жеңімпаз жобаны анықтайды. Сөйтіп, олардың авторларына осы жобаларды бастауға 100 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі, - деді Дана Шаяхмет.

Бұл жерде бір айта кететін жәйт, 100 мың теңге тек идея үшін ғана емес, сол идеяны тиісті коммерциялық мекемелермен немесе мемлекеттік органдармен серіктес ретінде қолға алғандарға ғана беріледі.

Аталмыш қор, жоба аяқталған соң, жеке демеушілер іздеп, тұғырнама жұмысын одан әрі жалғастыруды көздеуде.

Соңғы жаңалықтар