Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова онлайн брифинг барысында мегополистегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Аудандық әкімдіктер апта сайын негізгі 29 сауда нысандарында мониторинг жүргізеді. Олар - азық-түлік базарлары, ірі дүкендер мен «Алтын орда» көтерме базары. Бағаларды негізсіз өсірген жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал тауар жеткізушілер бағаны көтерген болса, аймақтардан басқа жеткізушілерді табуға кеңес береміз. Тамыз айының басынан бері жедел шаралардың арқасында әлеуметтік маңызы бар 5 тауар түріне бағалар анағұрлым төмендетілді. Бұл күріш, картоп, пияз, қант және қарақұмық жармасы»,- дейді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Сонымен қатар, ол Алматы қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету шеңберінде 2017 жылы пилоттық бағдарлама жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру арқылы бағалардың өсуін ұстап тұру үшін іске қосылған жоба.

«Карантин алғаш жарияланған кезде өңірлердегі ауыл шаруашылығы өнімдерін бірден сауда орындарына апару мәселесі қолға алынды. Қазір өнімдер делдалсыз тікелей сауда орындарына жеткізілуде. Оған қоса сиыр етін де төмендетілген бағамен әкелінуде. Сондай-ақ, қаладағы азық-түлік өндіретін мекемелер мемлекет тарапынан субсидияланып жатыр, соның нәтижесінде олармен бағаны көтермеуге келісім жасалды. Жасалған меморандумдар шеңберінде 27 сауда нысанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қойылатын сауда үстемесін 15%-дан асырмай сақталуының мониторингі жүргізіледі», - дейді ол.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруші 6 кәсіпорынға субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.

« Биыл қаладағы «Масло-Дел» ЖШС, «Беккер и К» ЖШС, «МЗ Солнечный» ЖШС, «RG Brands» ЖШС, «ЕФК» АҚ, «Асыл Тұяқ» КХ 500 млн теңгеден астам сомада субсидия алды. Қазіргі уақытта, 5 кәсіпорыннан келіп түскен 350 тапсырыс пысықталуда, субсидияның жалпы сомасы 800 млн теңгені құрайды бұл 41,9 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова.


Соңғы жаңалықтар