Алматыда «Алтын қалам-2014» ұлттық әдеби байқауының қорытындысы жарияланды
«Жылдың ең үздік поэзиясы» аталымы бойынша қазақ тілінде Астана қаласының тұрғыны Оразбек Сапарханның «Жол» өлеңі, ал орыс тілінде Дулат Сағнаевтың «Жолжүк бөлімі» атты өлеңі жеңіске жетті.
«Жылдың ең үздік прозасы» аталымы бойынша қазақ тілінде алматылық журналист Сәкен Сыбанбайдың «Мұңлық» шығармасы, ал орыс тілінде Сәтбаев қаласының тұрғыны Шәміл Садықовтың «Махаббат туралы повесть» шығармасы үздік деп танылды.
«Жылдың ең үздік драматургиясы» аталымы бойынша тек орыс тілінде Қостанай қаласының тұрғыны Ақылбек Шаяхметтің «Ыбырайдың өсиеті» пьесасы жеңіп шықты.
«Жылдың ең үздік балалар әдебиеті» аталымы бойынша қазақ тілінде Қызылорда қаласының тұрғыны Ботакөз Жалмағанбетованың «Киіз үй», ал орыс тілінде Алматы қаласының тұрғыны Зәуре Төреханованың «Әмина Тұранның көшпелілер еліне саяхаты» атты шығармасы жеңімпаз атанды.
Байқаудың қорытындысы бойынша шығарылған арнайы кітапқа және аудиодискіге жоғарыдағы шығармалардың барлығы енгізілді. Жалпы, биылғы байқауға екі тілде барлығы 137 автордан 364 шығарма келіп түсіпті.
«Байқаудың басты мақсаты - кітапты шығарып қана қоймай, оқырмандарға жаңа отандық авторларлы жақын таныстыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету. Бұл байқау Қазақстанда жазушылардың жаңа ұрпағынның өсіп жетілуіне септігін тигізеді деген үміттеміз», - деді «Алтын қалам» әдеби байқауы ұйымдастырушыларының бірі Қуат Домбай.
Айта кетелік, «Алтын қалам» байқауы алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылған болатын. Ондағы мақсат - жас жазушыларға қолдау көрсетіп, олардың шығармаларын кітап етіп шығаруға көмектесу. Байқаудың ерекшелігі де сонда. Өйткені мұнда жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілмейі. Тек шығармаларының жарық көруіне қаржылай қолдау көрсетіледі.
«Алтын Қалам» әдеби байқауын ұйымдастырушылар - Қуат Домбай, Досым Сәтбаев, Расұл Жұмалы, Кенже Жұманұлы және Айдос Сарым секілді қоғам қайраткерлері.