Алматыда америкалық дәрігер АҚТВ (ВИЧ) індетін алдын алу бойынша шеберлік сыныбын өткізді
Сенім пункттерінің дәрігерлеріне арналған бұл шараны Алматы қаласы ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу Орталығы мен С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті ұйымдастырды.
Шеберлік сыныбының тақырыбы: «Зияндылықты азайту бағдарламасы: АҚШ тәжірибесі» деп аталады.
Оны Албани Университетінің (АҚШ, Нью-Йорк штаты) эпидемиялогия департаментінің профессоры, денсаулық сақтау және қоршаған орта Институты директорының орынбасары, С. Асфендияров атындағы ҚазҰУ визитинг-профессоры Луиз-Энн МакНат жүргізді.
«Басқа елдердің озық тәжірибелерін біз қашанда қолдануға дайынбыз. Белгілі мамандардың шеберлік сыныптары дәрігерлерімізге замана көшінен қалмай, АҚТВ індетін алдын алу саласында әлемдік тәжірибелермен танысып, оларды жан жақты қолдануға мүмкіндік береді. Луиз-Энн Мак Нат бұған дейін де осы тақырыпта шеберлік сыныбын жүргізген», - деді өз сөзінде Алматы қаласы ЖИТС Орталығының бас дәрігері Талғат Бапиев.
Айта кетелік, Алматыда қазіргі таңда 18 сенім пункті жұмыс істейді. Олар барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Одан басқа, бұл пункттерде аутрич-қызметкерлер де жұмыс істейді.