Алматыда аналарға арналған ХҚО ашылады
«Бүгін жұмыс тобындағы әріптестерімізбен бірге Алматыда тұратын көп балалы аналармен төртінші рет кездестік. Осы кездесулердің нәтижесінде Алматы тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеп, оны Еңбек министрлігіне жібердік», - деп жазды Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясында Алматы әкімі бірқатар қосымша бастамаларды айтқан.
«Сондай шаралардың бірі аналарға арналған ХҚО болады, ол бір терезе принципімен жұмыс істейді. Осы тәжірибені біз ана мен балаға қамқорлық жасау саласының үздігі атанып отырған Финляндиядан алмақшымыз. Арнаулы ХҚО-да аналарға қажетті қызметтің барлығы көрсетіледі», - дейді әкім орынбасары.
Сондай-ақ, Ерлан Әукенов көп балалы отбасылардың баспана алуына қажетті алғашқы жарнаны субсидиялау жағы қарастырылып жатқанын да жеткізді.
Авторы: Данияр Дәуітәлиев