Алматыда арандатушылыққа жол бермеуге шақырды: Қалада коронавирус тіркелген жоқ
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда вирусты жұқтыру жағдайы туралы әлеуметтік желіде таралған видео шындыққа жанаспайды. Бұл ролик - жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы бірлесіп, 2020 жылдың 30 қаңтарында Алматы қаласында коронавирус инфекциясының тіркелмегенін ресми мәлімдейді.
«Қалада жағдай тұрақты. Сіздерден арандатушылыққа, қауесетке сенбеуге, тек билік тарапынан берілетін ресми ақпарат көздеріне жүгінуді сұраймыз. Біз құқық қорғау органдарына арандатушыларды анықтау жөнінде өтініш бердік», — деді Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова.
Бүгінгі күні Алматы қаласында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Бұл мәселе қала басшысының жіті бақылауында. Сондай-ақ қала әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі өңірлік штаб жұмыс істейді.
Сондай-ақ, бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Қазақстанның бірде-бір өңірінде, оның ішінде ірі қалаларда коронавирус жағдайлары тіркелмегенін атап өтті.
Айта кетерлігі, қала басшылығы Алматыдағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Еске сала кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш видеоның жалған екендігін ресми мәлімдеп, жалған ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жеткізді.