Алматыда Арман Дәулетияровтың «Мәскеулік Шыңғысханның тарихы» атты кiтабының тұсауы кесілді

Кітап Ресейдегі танымал «АСТ» баспасынан 3 000 данамен жарық көрген. Кітапта Арман Дәулетяров шоу-бизнестегі қалыптасуы мен жеке өміріне қатысты жайттарды мысалға ала отырып, адам табыс пен махаббатқа жету үшін жан-дүниесінің нәзіктігі мен тазалығын жоғалтып алмауы қажеттігін айтады. «Адамның бұл қасиеті оның кәсібіне де, ұлтына да бағынбайды», -дейді автор. Сондай-ақ, кітап авторы шоу-бизнес тарихында тұңғыш рет өзінің өмір жолында бастан кешкен сезімі, өз-өзіңді тәрбиелеу жолдары мен оның адам өміріне ықпалы жайлы баяндайды.
«Бұл менің достарым мен жаныма жақын жандарға арнаған сыйлығым. Мен кiтапты жазуға ұзақ әзірлендім, мiне арманым орындалды. Өздеріңіз білесіздер, менің Ресей шоу-бизнесінде жүргеніме 20 жылдан асты, сондықтан менің айтарым көп. Кiтапта осы 20 жылдағы әр түрлі кезеңдерді, басымнан өткен күндерімді, шоу бизнес саласына келуім мен ондағы өмірдің бүгінгі шындығын жаздым. Кітапта сондай-ақ, шоу-бизнестегі әртістер мен продюсерлер арасындағы күрделі қарым-қатынас, махаббат, отбасы, достық пен өмірдегі өзге де құндылықтар жайлы айтамын. Өйткені, мен үшін жұлдызды өмірдің сахнадан тыс жақтары мен танымал әртістерді қарапайым адам ретінде көрсету маңызды болды»,-деді кітап авторы Арман Дәулетяров.
Ол сонымен қатар: «Сiздер бұл кітаптан Мұрат Насыров және Бағлан Сәдуақасов (А-студио тобы) сынды танымал әншілердің карьера жолындағы қиындықтары, жалпы олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу тарихын оқып біле аласыздар. Мұрат Насыров дүниеден өткеннен кейін БАҚ беттерінде жағымсыз көп жайттар айтылды. Сондықтан, мен оның досы ретінде бұл кітапта неге олай болды? деген сұраққа өз көзқарасымды білдірдім. Бұл әншілердің арамыздан кеткеніне де бес жылдың жүзі болыпты. Олар менің ең жақын достарым болатын. Біз Мәскеуге бірге аттандық, шоу бизнес баспалдағымен бірге көтерілдік»,-деді.
Шара барысында, оның досы, белгілі әнші-сазгер Батырхан Шүкенов: «Бұл кітап продюсерлік қызметтің қыр-сырын меңгергісі келетіндер үшін ғана емес, өмірде де, карьера жолында бақыт пен табысқа жету құпиясын білгісі келетіндер үшін пайдасы зор»,-деді. Оның айтуынша, кітапта ресейлік шоу-бизнес өмірінің шындығы айтылады.
Музыкант, продюсер Байғали Серкебаевтың айтуынша, кітап оқуға жеңіл және қарапайым тілмен жазылған. «Біз де қанша шоу-бизнесте жүріп, елді, жерді аралап, әр түрлі адамдармен кездесеміз, сондықтан, біздің де айтарымыз көп адамдармыз. Өкінішке орай, оның барлығын жазуға уақытымыз бола бермейді. Арман қарбалас өміріне қарамастан, уақыт тауып пайдалы да, «өмірдің шындығын» көрсеткен кітапты шығарғаны үшін өте ризамын. Досым үшін қуаныштымын және ол жетістігімен құттықтаймын»,-деді ол.
Бүгінде Арман Дәулетияров ресейлік шоу бизнесті бағындырып, ойып тұрып орын алған, танымал продюссер. Ол Мұрат Насыров, Батырхан Шөкенов, А-студио тобы, Дуэт Л, Tomas Nevergreen, тағы басқа да көптеген әртістермен жұмыс істеген. «Мәскеудегі Астана күндерін», «Ресейдегі Қазақстан жылын» ұйымдастырып, өткізуге белсене ат салысты, Алматы қаласындағы Азия ойындарының жабылу салтанатында бас продюсер болды. 2010 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.