Алматыда әскери бөлім командирі қашқын екі сарбаздың ұсталуына қатысты оқиғаны баяндады

Бүгін Алматыда арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында 5571 әскери бөлімінің командирі Нұрлан Мұхаммедов осы жайында кеңінен баяндап берді.
Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың 24 сәуірінде Алматы қалалық ІІД емханасында аймақтық әскери-дәрігерлік комиссиядан өту барысында қатардағы әскери қызметшілер 1994 жылы дүниеге келген Кобезев Владислав Евгеньевич пен 1992 жылы дүниеге келген Тырпов Григорий Николаевич қашып кеткен. Екеуі де әскер қатарына 2012 жылдың желтоқсанында шақырылған.
1 мамырға дейін қашқындарды іздеу шаралары жүргізілген. Сағат 17:00 шамасында 5571 әскери бөлімінің басшылығына Алматы-Астана тас жолының 150-ші шақырымында, Айдарлы елді мекеніне тақау жерде сарбаздарға ұқсайтын 2 адамның жүргендігі туралы ақпарат түскен. Оны тексеру үшін 5571 әскери бөлімінің командирі бастаған әскери қызметшілер аталған жерге барған.
Іздеу шаралары барысында қашқындар Айдарлы ауылына тақау жердегі киіз үйден табылды. Олар сұхбаттасу барысында қызметтестері тарапынан қысым болмағанын, құқықтарының бұзылмағандығын айтқан. Ал бұл әрекеттерге әскери борыштарын өтегілері келмегендіктен және туған-туыстарын сағынғандықтан барған.
Әскери қызметшілер әскери-дәрігерлік комиссияға психиатриялық клиникада ем қабылдаушылар ретінде Отан алдындағы борыштарын өтеуге жарамдылығын анықтауға жіберілген. Қазіргі уақытта олар аталған комиссиядан өтуде.